"Қазақ әдебиеті" газеті, 1 сәуір
Дұрыс өмір сүруді кең және тар мағынада қарастыруға болады. Тар мағынада – дұрыс тамақтануды, өзіміздің және отбасымыздың денсаулығын күтуді, дене шынықтырумен, спортпен шұғылдануды бірінші кезекте атаймыз. Әрине, бұл әр адам білетін қарапайым нәрсе болып көрінуі мүмкін. Бірақ, мұның өзін күнделікті орындау біздің көпшілігімізге қиынға соғады. Өйткені, осындай қарапайым нәрселерді күнделікті дағдыға айналдыру үшін адамның талпынысы, қызығушылығы және ең бастысы – қаражат керек екені айдан-анық. Күні бойы тек нан мен шай ғана ішіп-жей бермей, қосымша көкөніс пацдалануды да дағдыға айналдыруға әрі ол үшін қаражат табуға болады. Кез келген адам қымбат фитнесс орталықтарға бармаса да, күнде ертеңгісін жүгіруіне де мүмкіндігі бар. Яғни, ең бастысы адам алдына мақсат қойып, денсаулығына үлкен мән беретін болса, мұның барлығы соншалықты қиын емес. Ал дұрыс өмір сүру туралы кең ауқымда айтатын болсақ, оны орындау едәуір қиынға соғады. Өйткені, бұл жерде маңызды мәселе – адамның ішкі моральдық өзегі. Яғни, жалқаулық пен енжарлықтан бойын алыс ұстау, бүгінгі күн үшін ғана өмір сүрмей, болашағын ойлау, пара бермеу, пайда табудың жеңіл жолын іздемеу, көзбояушылық жасамау, т.б. – бұларды орындау дене шынықтырумен салыстырғанда күрделірек. Мәселе осында емес пе? Сонда дұрыс өмір сүру кімге немесе неге байланысты деп қарастыруымыз қажет. Шын мәнінде, бізге өзімізден басқа ешкім төреші бола алмайды.
Қазіргі таңда сала-сала бойынша көптеген нәрселердің жарнамалары, соның ішінде түрлі тағамдардың жарнамасы телеарналардан толассыз беріліп жатыр. Олардың адам өміріне қаншалықты пайдалы екенін ешкім елеп-екшеп жатқан жоқ. Бірақ барлығы бірдей жаман емес, жақсы, сапалы тауарлар да бар. Халықтың тұтыну көрсеткіші өсуіне орай сапалы тауарлар да, оны тұтынуға мүмкіншілік те артып келеді. Соңғы кездері көше саудасымен қатар, тауардың бұзылмай, дұрыс сақталуы бақыланатын жабық сауда да өріс алуда. Бір жағынан арзан бағадағы Қытайдан жеткізілетін тауарлардың сапасы, екіншіден, тағамдарды көптеп дайындайтын технология қарқынды дамып келеді. Және бүгінгі таңда сауда айналымында генномодифицирленген өнімдер (ГМО) көбейіп барады. Қазақстанда бұған аса көңіл бөліп жатқан жоқ, ал дамыған елдердегі ғалымдар мен экологтар «мұндай өнімді қолданғаннан шығатын нәтиже түсініксіз» деп, дабыл қағуда. Мысалы, біз тұтынатын тағам өндірістерінде осындай технологиялар қолданыла ма, жоқ па, қолданылса қандайы, ол жағын білмейміз. Әр адам денсаулығы үшін өзі жауапты болғандықтан, тауардың сақталу мерзіміне, құрамында қандай қоспалар бар екеніне мұқият қарап, өнімді таза жерлерден сатып алу қажет. Жарнамалардың барлығына бірдей сене беруге болмайды.
Қазақстанда халықтың 3/1 бөлігі (29 жасқа дейінгі) жастардан тұрады. Бүгінгі жастар туралы, олардың Батысқа еліктейтіні туралы әңгімелер өте көп. Еліктеу қалай қабылдағанға байланысты, оның да жақсы тұстары бар екенін айтқым келеді. Меніңше, бүгін мен өткен заманның арасында көп айырмашылық жоқ. Бүгінгі жастар ақпаратпен қамтамасыздандырылған, таңдау құқығы бар, араласу ортасы кең дегені болмаса, ата-әжесі, әке-шешесі сияқты олар да жақсы мен жаманды айырып, бір-бірін ұнатып, үйленіп, ұрпақ сүйіп жүр.
Біздің орталық жүргізген әлеуметтік зерттеу нәтижелері мынадай тоқтамға келді: кеңестік заманға тән мәдениет әлі күнге өз күшін жойған жоқ. Ол – халықтың білімімен тығыз байланысты. Әлі күнге дейін «Кеңес одағы кезінде адамдар білімді, мәдениетті болған, көп оқып, мәдени шараларға көп қатысатын болған», – деген пікірлер жиі айтылады. Сөйтіп, бүгінгі жастардың мәдениеті төмен деген кінә тағады.