Дінге бет бұрсақ та ұлттық салт-ғұрыптар сақтылып қалуға тиіс
Осыдан біраз уақыт бұрын Президенттің кеңесшісі Е. Ертісбаев өз сұхбатындда Қазақстанды исламға мәжбүрлеуде деген пікір білдірді. Көпшілік осы ойдыы талқыға салып, авторына кінә артты. Расында да, бұл пікірді жаңсақ деуге негіз бар, осыдан аз уақыт бұрын өткізілген санақ нәтижелеріне сенсек, қазақстандықтардың 100 пайызы өзін мұсылманмын деп атап көрсеткен-ді.
Әрине, исламдану, діншілдік деңгейінің артуы мәселелері – қазіргі қазақстандық қоғам үшін өзекті мәселе. Мешітке барушылар санының көбеюін, ораза ұстаушылар қатарының артуын байқау үшін кәсіби сарапшы болу қажет емес. Бұның барлығы заманымыздың айқын белгілері.
Осымен қатар, хиджаб киген әйелдер, шолақ шалбар киген ер-азаматтар қарасы да көбейіп келеді. Қоғамның сырт әлпеті де, ішкі болмысы да қазақ ұлты үшін жат ислам бағыттарын ұстанушыларға деген теріс көзқарас та күшейіп келе жатқанын байқауға болады. Бұл әсіресе, мәдени сипаты әртүрлі, әлеуметтік қатынастары қарқынды дамыған ірі қалаларға тән көрініс. Әзірге, жергілікті тұрғындар бұл бағытта ашық теке-тіреске шықпағанмен, діни тұрғыдан ашық келіспеушілік туындауы мүмкін бе?
Қазақстндықтардың діндарлық деңгейінің артуы мәселе емес, қазіргі уақытта қазақ өз жолын, идентификациясын іздеуде. Ал діншілдік осының бір нышаны. Мәселе осы жолда орын алып отырған үрдістерде. Солардың бірнешеуін атап өтейік.
Біріншіден, қазақтардың, әсіресе қазақ жастарының исламға жаппай бас ұруын бір желілік үрдіс деп айтуға болмайды. Көбі дінге кіру үшін ерекше жол іздеп, өзін өзі тануға ұмтылып жатыр. Осы жолдың айқын болмауы, дін жолына бел буған адамның өзіне қажетті мағлұматты ала алмауы, діни сауатсыздық көпшіліктің исламның радикалды бағыттарына тап болуына әкеліп соқтырып отыр.
Екіншіден, исламдық діни басқармалардың қатардағы қызметкерлерінің де, басшыларының да қызметіне көңіл толмағандық деп айтуға болады. Мұның себебі – дінге тиісті білімі мен дайындығы жоқ, діни өмірден алшақ адамдардың басшылық жасауы. Сонымен қатар, қазақ мұсылмандары құрметтейтін, бағалайтын, сөзіне зер салып, тыңдайтын, діни мәртебесі зор дінбасылардың болмауы. Діни оқу орнын бітірген имамдардың жетіспеушілігі әлі де толық шешімін таппаған.
Үшіншіден, ислам танымал дінге айналып, қоғам өмірінде маңызды орын ала бастады. Сондықтан да, діни өмірдің тауар-ақшалық қатынастар нышанына айналуын таңғаларлық құбылыс деуге болмайды. Сарапшылар біздің жас капиталистік мемлекетімізде адамның діндарлық деңгейі мешіт құрылысына берген немесе қайтыс болған адамды ақтық сапарға шығарып салу барысында жұмсаған қаражат көлеміне қарай бағалайтынын атап көрсетіп отыр. Мұндай «бәсекелестік» онсыз да солқылдақ діндарлар жайлаған қоғамға бірқатар әлеуметтік-саяси зиян келтіреді. Діни қоғамдар өз мансабын ойлап, атын шығаруға әуес, осы жолда өзіне пайдалы діни бағытқа қомақты қаражат жұмсауға шамасы келетін, осының нәтижесінде «тапсырыс берілген ағымдарды» қаражаттандырып, түскен пайданы жеке басының қамы үшін пайдаланатын тұлғалардың айналысында топтана бастайды. Осының барлығы еліміздегі ислам айналысында қалыптасқан күрделі жағдайды одан әрі шиеленістіріп барады.
Төртіншіден, еліміздегі діни ортаға шетелдік миссионерлердің, уағыздаушылардың, соның ішінде, мұсылмандық бағыттағы дін үйретушілердің тигізген әсері. Аталған уағыздаушылар өз уағыздарын тек қазақтарға ғана емес, сонымен қатар, елімізде тұратын мұсылман елдерінен келген мигранттарға да жүргізеді. Қазақстан заңнамасында діни танымға деген 2011 жылға дейін орын алып келген либералдық көзқарас, ислам миссионерлерінің қызметін салғырт бақылаудың зардабын енді тарта бастағандаймыз. Ұлттық қауіпсіздік комитетінің органдары мұндай ұйымдарды қатаң бақылап, сотқа жеткізіп, жазалағанмен, көзімен көргендер, жазасын өтеушілердің темір тордың ар жағында отырып, өз қатарын белсенді көбейтетінін айтады. Дегенмен, 90-шы жылдармен салыстырғанда, аһуал айтарлықтай өзгерді. Діни қоғамдарды, топтарды сырттан қаржыландыру азайды, кейбір сарапшылар, бүгінгі күні уағыздаушылар ел ішінен қаржыландырылып отыр дегенді алға тартады.
Байқап отырсыздар, шешілмеген түйін көп. Бізге исламды мәжбүрлеп, таңып жатыр деп айтуға болмайды. Елімізде исламның қайта жаңғыруы үшін мемлекет көп жағдай жасады. Бұл ретте шет мемлекеттердің исламдық жоғары оқу орындарына студенттерді оқуға жіберуді, мешіттерді көптеп салып, іске қосуды айтып өтуге болады.
Осылай деп түйгенмен, 70 жыл бойы дінге қарсы елде тұрған көптеген қазақтарға, қандай ислам дұрыс, қандай ислам бізге жат екенін түсіну оңайға соқпайды. Діндегі жолын, өз танымын іздеп жүрген адамдарға кінә арту да қиын. Ал, осы жандарға «нағыз дін» деп түрлі ағымдарды түсіндіру, ақиқатын таныту, тиісті бағыт-бағдар беру дұрыс болар еді. Осы рухани іздену барысында өзіміздің қазақ халқына тән ұлттық салт-ғұрыптар сақтылып қалуға тиіс. Өйткені, ғаламдық исламда оларға орын жоқ екенін барлығымыз түсінуге тиіспіз.
Гүлмира Илеуова, «Стратегия» әлеуметтік стратегиялық зерттеулер орталығының президенті
"Ұлт Times" апталығы. 23. 08. 2012