Қазақстан тәуелсіздік алған уақыттан бері қиын да күрделі даму жолынан өтіп үлгерді. Егемендіктің алғашқы жылдарынан бастап шет мемлекеттермен қарым-қатынаста таңдап алынған көпвекторлы саясат белгілі бір деңгейде мемлекеттігіміз бен тәуелсіздігімізді нығайтып, халықаралық қатынас жүйесіне жеке ел болып еркін кіруімізге ықпал етті.
Қазақстан өзінің сыртқы саясатында Ресеймен, Қытаймен, Батыс әлемімен, мұсылман елдерімен және Орталық Азия мемлекеттерімен жан-жақты тығыз қарым-қатынасты дамытып келеді. Осы орайда, еліміздің ұстанатын сыртқы саясатына қатысты халықтың пікірі қандай деген сұрақ туындайды. 2008 жылдан бері «Стратегия «ӘСЗО»» ҚҚ соңғы жылдары жүргізіп келе жатқан әлеуметтік сауалнамалар нәтижесі көрсеткендей Қазақстан азаматтарының көзқарасы өзгеріс үстінде. Осыған дәлел ретінде 2008 жылдарда халықтың негізгі бөлігі (36%) Ресеймен және бұрынғы одақтас мемлекеттермен қарым-қатынас орнатуды дұрыс көргенін келтіруге болады. Ал қазіргі таңда сыртқы саясаттың бұл бағытын құптайтындардың саны бар болғаны 14% құрайды. Бұл өзгеріс кенеттен пайда болған бетбұрыс емес, соңғы 10 жыл ішінде жүргізілген зерттеулер көрсеткендей, әр жыл сайын азайып келе жатқан тенденция екендігін атап өту қажет.
Диаграмма 1. – Қазақстандықтардың пікірі бойынша мемлекеттің сыртқы саясаттағы бағдары
Қазақстанның сыртқа саясатын жүргізуде Ресейдің орнын басатын сенімді бағдар рөліне қазіргі таңда екі бағыт таласу үстінде. Олардың қатарына 2018 жылғы сауалнама нәтижесінде ең көп үлеске ие болған (35%) «Қазақстан ешкімге бағдарланбай өзінің жеке мүдделерін ойлау қажет» деген нұсқа мен жоғарыда аталып өткен көпвекторлы сыртқы саясат жатады. Сауалнамаға қатысқан респонденттердің 27% көпвекторлы саясатты таңдау арқылы Қазақстан Қытай, Ресей және АҚШ секілді әлемдік алпауыттардың арасында сәтті икемделіп, өзінің мүдделерін қорғап қала алады деп есептейді. Соңғы 10 жылда жүргізілген сауалнамалар нәтижесіне сүйенетін болсақ, сыртқы саясаттағы аталған екі бағыт алма-кезек үстемдік құрап келеді. Осыған қоса, соңғы жүргізілген зерттеу қорытындысы бойынша АҚШ және басқа да Батыс әлемінің мемлекеттерімен қарым-қатынасты нығайту қажет деп есептейтін Қазақстан азаматтарының үлес салмағы 5 пайызға дейін артқандығына назар аудара кету қажет.
Сауалнама нәтижесіне талдау жасайтын болсақ, Қазақстандағы әрбір әлеуметтік-демографиялық топтың сыртқы саясатқа байланысты өзіндік пікірі қалыптасқанын көруге болады. Нақтырақ айтатын болсақ, қазақ ұлтының өкілдері шет мемлекеттермен қарым-қатынаста жеке мүддеге сай әрекет етуді құптаса, орыс ұлты Ресеймен жақындықтың сақталғанын қалайды. Әртүрлі жас өкілдерінің берген жауаптарына назар аударсақ, еліміздегі жастар АҚШ пен Батыс мемлекетерімен жақындасуды қолдаса, орта буын өкілдері көпвекторлы саясаттың дұрыс екендігін алға тартады, ал жасы 65-тен асқан азаматтар Ресеймен, бұрынғы одақтас мемлекеттермен және ислам әлемімен арақатынастың нығайа беруін аңсайтыны байқалады. Қазақстанның өңірлеріндегі айырмашылықтарға тоқталатын болсақ, Ақтөбе мен Қызылорда сияқты қазақтар көптеп қоныстанған облыстарда сыртқы саясатқа ешкімге бағдарланып қажеті жоқ деп шешкен респонденттер жиі кездессе, солтүстігімізде орналасқан Павлодар және СҚО тұрғындары Ресейді негізгі серіктес деп таниды. Осыған қоса, Атырау, БҚО және Алматы облыстарының тұрғындары ислам әлеміне бет бұруды дұрыс санаса, оқу орнында оқитын студенттердің басым бөлігі АҚШ пен Батыс елдеріне түзеле дамуды құп көреді.
Кесте 1. – Қазақстандықтардың пікірі бойынша мемлекеттің сыртқы саясаттағы бағдары (әлеуметтік-демографиялық топтар бойынша)
№ | Сыртқы саясат бағдары | Әлеуметтік-демографиялық топтар |
1 | Қазақстан өзінің жеке мүдделерін ойлау қажет | Қазақ (37%); ауыл (41%); Ақтөбе, Қызылорда облыстары; 18-24 жас (39%) |
2 | Көпвекторлы саясат | 35-54 жас (31%);); жоғары білімді (30%); қала тұрғындары (29%); Алматы қ. және Қарағанды облысы |
3 | Ресей және ТМД елдері | Орыс (25%) және басқа ұлттар (24%); қала (15%); 65+ жас (20%); қала тұрғындары (16,4%); Павлодар және СҚО |
4 | АҚШ және батыс әлемінің мемлекеттері | 18-24 жас (8%); басқа ұлт өкілдері (6%); студенттер (7,5%) |
5 | Ислам әлемінің елдері | Қала тұрғындары (5%); 65+ жас (6,6%); Атырау, Алматы және Батыс Қазақстан облыстары |