Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ саясаттану мамандығы 4 курс студенті: Тағаева Айымжан
Тәуелсіз бақылаушылар саяси сахнадағы сайлау процессінің ешқандай бұрмалаусыз, ашық, мөлдір және ең бастысы демократиялық талаптарға сай болуын қамтамасыз ететін өкілдер болып табылады. Тәуелсіз бақылаушылардың негізгі миссиясы сайлау процессінің ашықтығын қамтамасыз ету.
Әдетте, сайлау бақылаушылары халықаралық ұйымдардан және республика азаматтарынан жасақталады. Халықаралық деңгейдегі бақылаушылар сайлау процессінің халықаралық сайлау талаптарына сәйкес өтуін назарда ұстайды. Ал, тәуелсіз бақылаушылар мәртебесі мен өкілеттігін орталық сайлау комиссиясы (ОСК) анықтайды.
2021 жылдың 10 қаңтарында конституциялық мерзімге сәйкес кезекті Парламент Мәжілісі мен мәслихаты депутаттарының сайлауы өтті. Аталмыш сайлау төмендегі ресми нәтижелерге сәйкес аяқталған болатын.
Кесте 1. – Мәжіліс сайлауының қорытынды нәтижелері
Партия | Дауыс беру нәтижелері |
Nur Otan партиясы | 71,09% |
«Ақ жол» партиясы | 10,95% |
Қазақстан Халық партиясы ( ҒӨК) | 9,10% |
"Ауыл" партиясы | 5,29% |
ADAL партиясы | 3,57% |
Жоғарыдағы ресми нәтижелер көрсеткендей Парламент құрамына 3 партия яғни, «Nur Otan», «Ақ жол» және «Қазақстан Халық партиясы» өткен болатын. Парламент құрамында осы уақытқа дейін болған партиялардың қайта оралуы сайлау процессінің мөлдірлігіне күмән келтірді. Сәйкесінше,қоғамда сайлау процессінің мөлдірлігін қамтамасыз ететін тәуелсіз бақылаушылар қызметіне деген қызығушылық пен жауапкершілік көп көрініс таба бастады.
Елдегі соңғы сайлау процесстеріне назар аударсақ тәуелсіз бақылаушылардың рөлі артқандығы байқалады. Мысалы, 2019 жылғы президент сайлауына 11 мыңға жуық тәуелсіз ұлттық бақылаушылар қатысты. Бұл көрсеткіштер соңғы сайлауда қалай өзгерді? 2021жылы 10 қаңтар күні өткен Парламент сайлауында бақылаушылардың қызметі қаншалықты деңгейде эффективті болды?
Соңғы Парламент сайлауы бақылаушылар тарапынан біршама наразылықтар туғызған болатын. Оның ішінде жергілікті ұйымдардан жасақталған екі бірдей тәуелсіз бақылаушылар Алматы қаласының сотына арыз білдірген. Екі арызданушы ұйым да өздерінің бақылаушыларының сайлау учаскесіне кіре алмағандығын хабарлап арызданған, ал кіргізілмеу себебі ретінде бақылаушыларға қойылған талаптардың толық орындалмағаны мен бақылаушыларға арналған орынның жеткіліксіз болғандығын алға тартты.[1]
Халықаралық бақылаушылар да Мәжіліс сайлауына өзіндік баға берді. Бақылаушылардың барлығы дерлік сайлауда ешқандай заңбұзушылық орын алмағандығын мәлімдеді, дегенмен сайлауда бәсекелестіктің жетіспегендігін де ерекше атап өткен бақылаушылар кездесті. Келесі кестеден түрлі халықаралық ұйым бақылаушыларының Парламент сайлауы жайында жасаған мәлімдемесін көре аламыз.
Кесте 2. – Халықаралық ұйым бақылаушыларының мәжіліс сайлауының өту процессі жайлы мәлімдемелері
Халықаралық ұйымдар | Ресми өкілдің мәлімдемесі |
Шанхай Ынтымақтастық ұйымы | "Миссия сайлау Қазақстанның сайлау заңнамасының талаптарына және ел қабылдаған халықаралық міндеттемелерге сәйкес келді деп санайды, сайлау нәтижелеріне әсер етуі мүмкін бұзушылықтар анықталған жоқ".[2] |
ЕҚЫҰ |
"Заңнамалық база ЕҚЫҰ міндеттемелеріне сәйкес сайлау өткізуді әлі де қанағаттандырмайды, жүйелі кемшіліктер де бар. Пікірлердің плюрализмінің артуына қарамастан, науқан сайлаушылардың ақпараттандырылған таңдау жасау мүмкіндігін тарылтады.Кейбір шаралар отандық бақылаушыларға тиімді бақылауға мүмкіндік бермеді.Дауыс берудің өзі тиімді ұйымдастырылды, бірақ сайлау күні көптеген рәсімдер мен аспектілер транспаренттілікке ие болмады. Бізді әлі де осы сайлау өткен саяси орта алаңдатады. Алдыңғы сайлаудан кейінгі кейбір оң реформаларға қарамастан, жиналыстар мен бірлестіктер бостандығына нақты шектеулер болды. Мұндай шектеулер партиялар мен кандидаттарды тіркеу жағдайларын күшейтті, бұл азаматтарға таңдау жасау мүмкіндігін азайтты", - деді Кристиан Вигенин брифингте.[3] |
ТМД |
"ТМД бақылаушылары сайлау нәтижелеріне әсер етуі мүмкін бұзушылықтарды тіркеген жоқ. Миссия барлық деңгейдегі сайлау комиссиялары билік органдарының көмегімен сайлауды жоғары ұйымдастырушылық деңгейде өткізуді қамтамасыз етті деп санайды. ТМД миссиясы Қазақстан Мәжілісі депутаттарын сайлау көппартиялы негізде өтті, ашық, әділ, бәсекелі болды және демократиялық сайлауды өткізудің жалпы қабылданған қағидаттарына сәйкес келді деген қорытындыға келеді. Олар Қазақстан Конституциясы мен Қазақстандағы сайлау туралы Конституциялық заңның талаптарына сәйкес өткізілді, ел азаматтарының еркін еркін білдіруін қамтамасыз етті", - деді ТМД Байқаушылар миссиясының басшысы Виктор Бондарев.[3] |
ҰҚШҰ ПА байқаушылар миссиясы | "Жақында біз барлық саяси партиялардың штаб өкілдерімен кездестік. Біз сайлау комиссияларының жұмысына, сайлау науқанының жұмысына мемлекеттік органдардың араласуына қатысты бірде-бір шағымды естіген жоқпыз, сондықтан біз жұмысымыздың нәтижелері бойынша қорытынды мәлімдемеде бірде - бір бұзушылықты немесе шағымды байқамадық", - Баир Жамсуев осындай мәлімдеме жасады.[3] |
Бақылаушылар сайлау қорытындыларын өздерінің жеке бақылау нәтижелеріне сәйкес жасап отырды. Байқағанымыздай аса үлкен даулы мәселе орын алмағанымен көптеген наразы пікірлер мен халықаралық бақылаушылар тарапынан бәсекелестік мәселесіне қатысты сын айтылған болатын.
Ендігі кезекте бақылаушылар қызметіне деген халықтың көзқарасы қандай екендігін қарастырып көрейік.
2021 жылдың ақпан айында өткен сайлау қорытындылары бойынша сауалнама өткізілген болатын. Ол сауалнамаға Қазақстанның барлық өңірлерінен 1180 респондент қатысты.
Сауалнама аясында бақылаушылар жайлы сұрақ та қойылды. Нәтижелер көрсеткендей, зерттеу жұмысына қатысқандардың 74,1%-ы өз учаскелерінде бақылаушыларды көрген. 6,8% - мүлде көрмеген. Сауалнамаға әрбір бесінші қатысушы бұл сұраққа (19,1%) жауап беруге қиналды.
Диаграмма 1. – Сіздің сайлау учаскеңізде бақылаушылар болды ма?
Сауалнама нәтижесіне сәйкес, талдау жұмысына қатысушылардың 55%-ы сайлауда бақылаушылар қажет, олар сайлау комиссиясының жұмысын бақылайды және нәтижелер дұрыстығын қамтамасыз етеді деп есептейді. 28,9%-ы сайлауда бақылаушылардың болуы маңызды емес, олардың жұмысы сайлау комиссиясының жұмысына әсер етпейді дейді, ал 2%-ы тәуелсіз бақылаушылар қажет емес, олар сайлау комиссиясының жұмысына кедергі келтіреді, олардың қатысуы шиеленісті тудырады деп есептейді. Бұл сұрақ бойынша «Жауап беруге қиналамын» нұсқасын 14,1% сауалнама қатысушылары таңдады.
Диаграмма 2. – Бақылаушылардың жұмысына қалай қарайсыз?
Осы нәтижелерге мән бере отыра азаматтардың бақылаушыларға деген көзқарасын байқай аламыз. Жалпы бақылаушылар жұмысы Қазақстанда енді жанданып жолға қойылып жатыр, сәйкесінше халықтың көзқарасы да енді қалыптасып келеді.
Зерттеу жұмысына қатысушылардың шамамен 1/3 бөлігі сайлау процессінде бақылаушылардың болуы маңызды емес деп есептейді, бұл көрсеткіш осы уақытқа дейінгі бақылаушылар рөлінің төмен болу салдарынан туындап отыр. Сонымен қатар бақылаушылар рөлі жоғарылаған 2019 жылғы президент сайлауы мен 2021 жылдың 10 қаңтарында өткен Парламент сайлауының нәтижелерінің өзгеріс алып келе қоймағандығымен де байланыстыра аламыз.
Қорытындылай келе, бақылаушылардың жұмысы сайлау процессінің ашықтығын қамтамасыз ететін институт бола отыра, Қазақстандық сайлау жүйесіндегі рөлі артып келеді. Сауалнамаға қатысушылардың 74,2%-ының сайлау учаскелерінде бақылаушылар болғандығы бақылаушылар маңызының артқандығын көрсетеді. Демек, бақылаушылар жұмысы жақсы жүзеге асып келеді. Ал, 55% сауалнамаға қатысушылар бақылаушылар жұмысын қажетті және пайдалы деп таниды. Яғни, халықтың бақылаушыларға деген көзқарасы дұрыс бола отыра, олардың қызметінің маңыздылығын түсініп келеді.
Бақылаушылар қызметі сайлаудың мөлдірлігін қамтамасыз етуде маңызды рөл алады. Қазақстандық қоғамда бақылаушылар қызметі даму үстінде және халық тарапынан олардың қызметіне деген көзқарас жақсарып келеді. Сәйкесінше алдағы уақытта бақылаушыларға қойылатын талаптар артып, сайлау процессі мен оның нәтижесінің мөлдірлігіне кепіл беретін тәуелсіз институт ретінде маңызы арта түспек.
Пайдаланылған әдебиеттер:
1. https://www.azattyq.org/a/court-cec-observers/31024911.html
2. https://ria.ru/
3. https://tengrinews.kz/kazakhstan_news/mejdunarodnyie-nablyudateli-vyiskazalis-vyiborah-kazahstane-425605/