әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, «Саясаттану мамандығының» 2 курс магистранты – Даирова Жадыра
Кіріспе
Қазіргі цифрлық ғасырда технология біздің өміріміздің барлық салаларына, соның ішінде мемлекеттік басқаруға тұрақты түрде еніп келеді. Ақпараттық технологиялардың үздіксіз дамуының арқасында бүкіл әлемдегі елдер өз ресурстарын басқару, азаматтарға қызмет көрсету және әлемдік қоғамдастықпен өзара әрекеттесу тәсілдерін өзгерту мүмкіндігіне тап болады. Осы цифрлық трансформация аясында блокчейн технологиясы ең инновациялық және перспективалы бағыттардың бірі ретінде ерекшеленеді.
Бастапқыда криптовалютаның жұмысын қамтамасыз ету үшін жасалған блокчейн қаржылық транзакциялардың құралына айналды. Блокчейн технологиясы – бұл бірнеше компьютерлерде немесе түйіндерде транзакцияларды сенімді тіркейтін және тексеретін орталықтандырылмаған және таратылған есеп жүйесі [1]. Оның көмегімен мемлекеттік басқаруда қолдануға болатын мөлдір, сенімді және қауіпсіз жүйелер жасауға болады. Себебі, оған түскен әрбір ақпарат көзі кодталады. Осы функция есебінен, ақпаратты бұрмалау немесе өшіріп, жоғалтып алу мүмкін емес. Дүниежүзілік қауымдастық блокчейннің әкімшілік процедураларды реформалау, азаматтардың мемлекеттік институттарға деген сенімін жақсарту және деректердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету әлеуетін түсіне бастады.
Зерттеудің мақсаты – мемлекеттік басқаруда блокчейн-технологияларды қолданудың әлемдік тәжірибесін қарастыру. Зерттеу блокчейн тұжырымдамасына тереңірек үңілуге, осы технологияны әртүрлі елдерде сәтті жүзеге асырудың мысалдарын зерттеуге және оның қазіргі заманғы мемлекеттік басқару үшін қандай артықшылықтар мен қиындықтарды ұсынатынын талдауға жол ашады.
Әлемдік тәжірибені зерттеу барысында дауыс беру, жылжымайтын мүлікті тіркеу, ішкі ресурстарды есепке алу және мемлекеттік басқарудың басқа аспектілері сияқты салаларда блокчейнді қолдану тәсілдеріне назар аударылады. Сондай-ақ осы салада блокчейн технологияларын енгізудің артықшылықтарын, қиындықтарын және перспективаларын егжей-тегжейлі қарастырылмақ.
Осылайша, бұл мақала блокчейн технологиясының мемлекеттік басқару бетін қалай өзгертетіні және осы негізгі салада әлемдік тәжірибе қандай сабақ бере алатыны туралы кең түсінік беруге бағытталған.
Мемлекеттік басқаруға блокчейнді енгізу: жалпы шолу
Блокчейн технологиясы алғашында «биткоин» криптовалютасымен транзакциялар жүргізу құралы ретінде құрылған, дегенмен оның дербес технология ретіндегі әлеуетін жетекші компаниялар мен сарапшылар тез байқады [1]. Бұл технология электронды үкіметтің заманауи тұжырымдамаларын жүзеге асыру үшін өте қолайлы болды. Электрондық үкімет – мемлекеттік органдардың қызметін жақсарту, мемлекеттік қызметтердің қолжетімділігін арттыру және азаматтардың басқаруға қатысуы үшін ақпараттық технологияларды пайдалануды білдіреді.
Блокчейн технологиясы – орталықсыздандыру, таратылған журнал, криптография, ашықтық, өзгермейтіндік, келісілген қабылдау және ақылды келісімшарттар принциптеріне негізделген орталықтандырылмаған жүйе [1]. Бұл әрқайсысында жазбалар (транзакциялар) сақталатын блоктар тізбегі, ал жаңа блоктар алдыңғыларымен байланысты. Әрбір жазбаға деректердің қауіпсіздігі мен сенімділігін қамтамасыз ететін цифрлық қолтаңба қойылады [2]. Осы принциптер арқылы блокчейн деректерді өзгертуге сенімділікті, ашықтықты қамтамасыз етеді, бұл оны әртүрлі салаларға, соның ішінде мемлекеттік басқаруға пайдалы етеді.
Электрондық үкімет блокчейн технологиясымен біріктірілген кезде мемлекеттік басқаруды жақсартудың жаңа мүмкіндіктері пайда болады. Блокчейн электрондық үкіметтің әртүрлі аспектілерінде үлкен ашықтық пен сенімділікті қамтамасыз ете алады, соның ішінде, деректердің қауіпсіздігі мен тұтастығын, азаматтардың жеке деректерін басқаруды, мемлекеттік басқарудың мөлдірлігін, жемқорлық деңгейінің төмендеуін, саяси шешім қабылдау үрдістерін жетілдіруді қамтамасыз етеді.
Блокчейн технологиясының мемлекеттік басқаруды жетілдірудегі рөлі мына аспектілерде нақтырақ көрінеді:
· Ашықтық және сенім: Блокчейн жазбаларды жүргізудің тұрақты ашықтығын қамтамасыз етеді. Бұл азаматтар мен үкіметтерге транзакциялар мен шешімдерді тексеруге мүмкіндік береді, бұл сыбайлас жемқорлық қаупін азайтады және мемлекеттік органдарға деген сенімді арттырады.
· Сандық сәйкестендіру: блокчейнді азаматтардың қауіпсіз және сенімді цифрлық сәйкестендірулерін жасау үшін пайдалануға болады. Бұл алаяқтықпен күресуге көмектеседі және мемлекеттік қызметтерге қол жетімділікті қамтамасыз етеді.
· Деректерді қауіпсіз сақтау: азаматтар мен компаниялар туралы мемлекеттік деректерді қауіпсіздік деңгейі жоғары блокчейнде сақтауға болады. Бұл ақпараттың ұрлануынан және рұқсатсыз кіруден қорғауды қамтамасыз етеді.
· Орталықтандырылмаған дауыс беру жүйелері: Блокчейн азаматтарға сайлауға және референдумға тікелей және делдалсыз қатысуға мүмкіндік беретін орталықтандырылмаған дауыс беру жүйелерін қолдай алады.
· Ақылды келісімшарттар: блокчейндегі бұл бағдарламалар бюрократиялық процестерді жеңілдету және шығындарды азайту арқылы келісімшарттар мен мемлекеттік қызметтердің орындалуын автоматтандыруы мүмкіншілігіне ие.
· Жалғандықпен күресу: блокчейнде деректерді бұрмалау мүмкін емес. Бұл, мысалы, маңызды құжаттардың түпнұсқалығын растау үшін пайдалы.
· Ресурстарды тиімді басқару: блокчейнді пайдалануды оңтайландыру мақсатында жер, су және энергия сияқты ресурстарды бақылау және басқару үшін пайдалануға болады.
· Цифрлық трансформация: блокчейнді мемлекеттік басқаруға енгізу өз кезегінде қызметтердің тиімділігі мен қолжетімділігін арттыра отырып, сектордың цифрлық трансформациясына ықпал ете алады [2].
Мемлекеттік басқаруды жақсартудағы блокчейннің рөлі неғұрлым ашық, сенімді және тиімді жүйелерді құру болып табылады, нәтижесінде мемлекеттік қызметтердің сапасын және мемлекеттік органдарға деген сенімді жақсартуға ықпал етеді
Блокчейнді мемлекеттік басқаруға енгізудің әлемдік тәжірибесі
Қазіргі уақытта әр түрлі елдердің мемлекеттік әкімшіліктерінің блокчейн технологияларын қолдануға деген қызығушылығы олардың осы технологияны дамыту мен практикалық іске асырудың өзекті деңгейіне сәйкес келмейтінін байқауға болады. Мемлекеттік басқару көбіне консервативті көзқарастар жиынтығына басымдық беруі себепті, кез-келген жаңа шешімдерді енгізу мұқият тестілеуді және оның тиімділігін дәлелдеуді қажет етеді. Сонымен қатар, барлық блокчейн шешімдері сәтті масштабтауға және жоғары жүктемені жеңуге қабілетті емес. Дегенмен, бұл шектеулерге қарамастан, бірқатар мемлекеттер блокчейнді әртүрлі жобалар арқылы тәжірибеден өткізіп отыр.
Мемлекеттік процестерде блокчейнді қолдану саласындағы жетекші елдердің бірі Эстония болып саналады. Электронды үкімет концепциясын көп жылдар деңгейінде жүзеге асыра отырып, ең алғаш 2008 жылы блокчейн негізіндегі KSI технологиясын ойлап шығарады. KSI көмегімен Эстонияда жұмыс істейтін мемлекеттік қызметтер мен компаниялардың тізілімі жүйесін қорғау ұйымдастырылды. Эстониядағы үкіметтік деректердің 100% - ы блокчейн жүйесінде сақталады [3]. Осылайша, Эстония блокчейнді мемлекеттік деңгейде қолдана бастаған әлемдегі алғашқы ел болды. Олар электронды сайлау өткізу және әртүрлі деңгейлерде, соның ішінде парламент пен жергілікті өзін-өзі басқару органдарына дауыс беру үшін блокчейн технологиясын енгізді. Бұл тәжірибе сайлау процестерінің ашықтығы мен қауіпсіздігін жақсартуға мүмкіндік берді.
Эстониядағы электронды сайлаудың орталық бөлігі-блокчейн технологиясын қолдану. Сайлаушылардың дауыстары блокчейнде тіркеледі, бұл сайлаудың сенімділігі мен ашықтығын қамтамасыз етеді. Бұл сонымен қатар дауыстарды бұрмалауға немесе өзгертуге болмайтындығына кепілдік береді. Электронды сайлау мен дауыс беру арқылы сайлаушылардың қатысу деңгейі кейбір басқа елдерге қарағанда айтарлықтай жоғары. Мысалы, 2023 жылы, Эстониядағы сайлауға сайлаушылардың 63% - дан астамы қатысқан, оның 50%-ы дауысын электронды түрде берген [4].
2018 жылы Батыс Вирджиния конгресс сайлауында дауыс беру үшін блокчейнді қолданған алғашқы американдық штат болды. Шетелдегі тұрғындарға блокчейн негізінде құрылған мобильді қосымша арқылы дауыс беру құқығы берілді. Бұл оларға сайлау процесіне, тіпті елден тыс жерде де қауіпсіз және сенімді қатысуға мүмкіндік берді. 140 азамат осы қосымша арқылы дауыс берді. «Қосымшаны әзірлеумен және енгізумен VOATZ стартапы айналысты. Бұл компанияның өкілдері олардың дамуы дауыс беру туралы ақпаратты жылдам және қауіпсіз беруді қамтамасыз ету үшін бюллетень деректерін шифрлау және сақтау үшін орталықтандырылмаған желіні пайдаланғанын айтты» [5].
2020 жылы Оңтүстік Корея парламенттік сайлау кезінде онлайн дауыс беру үшін блокчейн технологиясын сәтті қолданды. Бұл қадам сайлаушыларға сайлау учаскелерінде физикалық қатысуын талап етпестен сайлауға қатысуға мүмкіндік берді. Оңтүстік Корея 2022 жылға қарай блокчейндегі дауыс беру жүйесін дамытуға $1,1 миллиардтан астам қаражат салынған болатын және 2023 жылы осы салаға инвестицияларды ұлғайту жоспарланып отырғанын мәлімдеген [6].
Австралия сайлау процессінде блокчейнді арнайы "саяси қосымшаның" көмегімен азаматтардың пікірі заңдарды әзірлеу және билік өкілдерінің шешім қабылдауы кезінде ескерілуін қамтамасыз ету үшін қолданады. Интернеттегі дауыс беру тәжірибесі алғаш рет 2007 жылы Австралиядағы федералды парламенттік сайлау кезінде жүргізілді және шетелде жүрген немесе әдеттегі дауыс беру тәсілдеріне қол жеткізе алмайтын австралиялық сайлаушыларға интернет арқылы дауыс беруге мүмкіндік берді. Бұл технологияның сайлаушылар арасында танымал болуына қарамастан әскери қызметшілернемесе мүмкіндігі шектеулі жандардың 60 %-ы қатысты. Нәтижесінде, әр сайлаушының дауысын өңдеуге кететін шығындар 8 доллардан асуы себепті, технология қымбат деп танылды. Ақырында бұл технологияны тек муниципалдық сайлауда қолдану туралы шешім қабылданды [7].
Блокчейн технологиясын ашықтықты, қауіпсіздікті және тиімділікті қамтамасыз ете отырып, жылжымайтын мүлікті тіркеу процестерін жақсарту үшін де сәтті қолдануға болады.
2016 жылы шведтік Chromakey компаниясы Швецияның жылжымайтын мүлікті тіркеу агенттігімен бірлесе отырып, «блокчейн негізіндегі жылжымайтын мүлікті тіркеу ішкі жүйесі» жобасын іске қосты. Бұл жоба жылжымайтын мүлікке меншік құқығын беру процесін жеңілдетуге және алаяқтық тәуекелдерін азайтуға мүмкіндік берді.
Дубай жылжымайтын мүлікті тіркеу жүйесін басқару үшін блокчейнді қабылдаған алғашқы қалалардың бірі болды. «Дубай жерін тіркеу» (Dubai Land Department) деп аталатын Платформа жылжымайтын мүлік мәмілелерінің ашықтығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін блокчейн технологиясын қолданады.
2017 жылы АҚШ – тың Делавэр Штаты блокчейн жылжымайтын мүлікті тіркеу жүйесін құрған зерттеу жобасын бастады [8]. Бұл жоба тиімділікті жақсартуға және жылжымайтын мүлікке қатысты әкімшілік процедуралардың құнын төмендетуге бағытталған. 2021 жылы Джорджия штатының қоғамдық тіркеу және мұрағат Департаменті жылжымайтын мүлікті тіркеу және басқару үшін блокчейн технологиясын қолдана бастады. Бұл тәсіл деректерге қол жетімділікті жақсартуға және қателіктердің ықтималдығын азайтуға мүмкіндік береді.
2016 жылдың басында Ганада Graphene технологиясын қолдана отырып, Bitshares блокчейн платформасы негізінде жер кадастрын құру үшін ел Үкіметінен ресми мақұлдау алған Bitland жобасы іске қосылды. Бұл жоба жер учаскелеріне меншік құқығын тіркеуге, жерді иелену туралы дауларды шешуге және жылжымайтын мүлікті сатып алу-сату операцияларын жүргізуге мүмкіндік беретін негізгі белгілерді ұсынды. Басталған жоба пилоттық болып табылады, бірақ Bitland оны басқа Африка елдеріне кеңейту жоспарлары бар. Нигерия мен Кенияға үлкен үміт артылады, мұнда халықтың білім деңгейі жоғары және интернеттің таралуы жобаны сәтті жүзеге асыруға мүмкіндік береді [8].
Блокчейн технологиясының мемлекеттік қызметте қолданылатын тағы бір саласы денсаулық сақтауды цифрландыру. Қазір көптеген мемлекеттерде электронды медициналық карталар мен деректерге онлайн кіру мүмкіндігі бар болғанымен де, олардың қауіпсіздігі мен сенімділігі күмән тудырады. Ал осы салаға блокчейнді енгізу бұл мәселені жоюға мүмкіндік береді. АҚШ-та 2016 жылдан бері блокчейн негізіндегі Bithealth қосымшасы жұмыс жасап келеді, ол пациенттерге медициналық сақтандыруға қосымша төлемдерді ешбір қиындықсыз жасауға мүмкіндік береді [8]. Голландияда 2016 жылдан бастап, созылмалы дертпен ауыратын пациенттерге арналған қызметтерді көрсететін блокчейн қосымшасын қолданып келеді. Олар блокчейнге негізделген Idin – сервисінің негізінде деректердің қауіпсіздігін қамтамасыз етіп отыр және пациенттерге қолайлы қызмет жүргізуде [8].
Бұл мысалдар блокчейн технологиясын сайлаушылардың аутентификациясы, дауыстарды санау, ашықтықты арттыру және алаяқтық мүмкіндігін азайту сияқты сайлау процестерінің әртүрлі аспектілерін жақсарту үшін және жер телімдерін тіркеуде пайдалануға болатындығын көрсетеді.
Мемлекеттік басқарудағы блокчейн технологияларының артықшылықтары мен қиындықтары
Дауыс беру блокчейнін енгізу бірнеше артықшылықтар береді. Біріншіден, бұл деректердің жоғары қауіпсіздігі мен тұтастығын қамтамасыз етеді, өйткені дауыстар блокчейнге жазылады және нәтижелерді өзгерту желі мүшелерінің көпшілігінің келісімін талап етеді. Екіншіден, блокчейн дауыс беру процесінің ашықтығын қамтамасыз етеді, өйткені барлық транзакциялар көпшілікке көрінеді, бұл азаматтарға нәтижелерді тексеруге мүмкіндік береді. Сонымен қатар, мобильді қосымшалар мен интернетті пайдалану арқылы дауыс беру қолжетімді болады және сайлаушылар сайлау учаскелерінде физикалық қатысусыз дауыс бере алады. Бұл сонымен қатар ыңғайлылық әкеледі, өйткені дауыс беру смартфондар мен компьютерлер арқылы жүзеге асырылуы мүмкін.
Дауыс беруге арналған блокчейнді енгізу белгілі бір қауіп-қатерлермен бірге жүреді. Маңызды аспект-киберқауіпсіздікті қамтамасыз ету, өйткені сайлаушылардың дауыстары мен деректерінің тұтастығына қауіп төндіретін кибершабуылдар мен хакерлік шабуылдар қаупі бар. Сонымен қатар, сайлаушылардың заңдылығына және дұрыс аутентификацияға кепілдік беру керек, бұл интернет арқылы дауыс беру кезінде жеке басын тексеру процесінде қиындықтар туғызады. Сондай-ақ, блокчейн дауыс беруді енгізу жоғары техникалық дайындық пен инфрақұрылымды қажет етеді, бұл кейбір елдер мен аймақтар үшін қиын болуы мүмкін.
Маңызды аспект - қоғамның жаңа технологияларды қабылдауы, бұл ақпараттық жұмыс пен оқытуды қажет ететін қарсылық пен қорқыныш тудыруы мүмкін. Дауыс берушілер туралы дауыстар мен деректердің құпиялылығына кепілдік беру де маңызды аспект болып табылады және тиісті тетіктерді әзірлеу қажет. Блокчейн дауыс беру жүйесін қолдау және техникалық қызмет көрсету ресурстар мен қызметкерлерді қажет етеді.
Блокчейн технологиясы әртүрлі салаларда пайдалы болуы мүмкін көптеген артықшылықтарды ұсынады. Бұл артықшылықтарға орталықсыздандыру кіреді, бұл делдалдарға деген тәуелділікті азайтуға мүмкіндік береді және сенімділікті, ашықтықты арттырады. Оның бірден бір себебі, барлық транзакциялар жалпыға қол жетімді және тексерілуі мүмкін, криптографияны қолдану арқылы сенімділік пен қауіпсіздік, делдалдардың болмауына байланысты шығындарды азайтады. Цензураға төзімділік, қаржы және логистика сияқты салалардағы жылдамдық пен тиімділік және бухгалтерлік есепті жақсарту және тауарлар мен активтерді қадағалауға мүмкіндіктерді ашады [9].
Ақылды келісімшарттар келісімшарттар мен мәмілелердің орындалуын автоматтандырады, бұл уақыт пен ресурстарды үнемдейді. Блокчейн қаржы саласындағы инновацияларға, микрокредиттік жүйелерді жақсартуға ықпал етеді және пайдаланушыларға олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ете отырып, жеке деректерін көбірек бақылауға мүмкіндік береді [9].
Блокчейн технологиясы жаһандық болып табылады және халықаралық үйлесімділікті қамтамасыз ете отырып, әлемнің кез келген жерінде жұмыс істей алады. Дегенмен, блокчейнді мемлекеттік басқаруға енгізу бірқатар кедергілер мен шектеулерге тап болады.
· Масштабтау: Блокчейн масштабтау мәселелеріне тап болуы мүмкін, әсіресе пайдаланушылар саны мен транзакциялар көбейген кезде. Ал жүйені кеңейту және масштабтау айтарлықтай күш пен ресурстарды қажет етуі мүмкін. Австралиядағы апробациялық сайлау блокчейні бұған мысал бола алады.
· Экологиялық мәселелер: кейбір блокчейндер, әсіресе Proof of Work консенсус механизмдерін пайдаланатындар, қоршаған ортаны алаңдататын үлкен көлемдегі энергияны қажет етеді [10].
· Реттеу: Блокчейн нормативтік реттеуге қатысты сұрақтар туғызады, әсіресе қаржы және деректер контекстінде.
· Құпиялылық: Қоғамдық блокчейндер құпиялылық пен деректер қауіпсіздігіне қатысты мәселелерді тудыруы мүмкін ашықтықтың жоғары деңгейін қамтамасыз етеді. Бұл тұста шектен тыс транспаренттіліктен мемлекеттік құпияға қауіп төну мәселесі туындайды.
· Кіру кілттерін жоғалту: Егер пайдаланушы блокчейн әмиянына кіру кілттерін жоғалтса, олар қалпына келтіру мүмкіндігінсіз активтеріне кіруді жоғалту қаупі бар [10].
· Білім деңгейі: блокчейнді енгізу жоғары білім мен техникалық сауаттылықты қажет етеді, бұл кейбір пайдаланушылар үшін қиындық тудыруы мүмкін.
Осы қиындықтарды ескеру және жеңу үшін блокчейн технологиясын мемлекеттік басқаруға енгізер алдында мұқият жоспарлау, тәуекелдерді бағалау және ықтимал пайданы талдау қажет.
Қорытынды
Блокчейн технологияларын мемлекеттік басқаруда қолдану тұрғысынан зерттеу келесі негізгі қорытындыларға мүмкіндік береді. Әлемде жыл сайын мемлекеттік процестерді оңтайландыру және азаматтарға қызмет көрсету сапасын жақсарту үшін блокчейн технологияларының әлеуетіне қызығушылық артып келеді. Әлемдік тәжірибе блокчейннің мемлекеттік институттардағы ашықтық пен сенімді едәуір арттыра алатындығын, бюрократиялық тиімсіздікті азайтып, сезімтал деректерді өңдеу кезінде киберқауіпсіздік деңгейін арттыра алатындығын көрсетеді.
Әр түрлі елдер сайлау, мемлекеттік меншікті есепке алу, кедендік рәсімдер, медицинаны цифрландыру және әлеуметтік қызметтер сияқты салаларда блокчейн технологияларын қолдана отырып тәжірибе жасай бастады. Бұл пилоттық жобалар блокчейн мемлекеттік процестердің тиімділігі мен ашықтығын айтарлықтай жақсартуға әкелуі мүмкін екенін көрсетеді.
Денсаулық сақатау саласындағы медициналық сақтандыруды қаржыландыру, электронды медициналық карта пен деректердің қолжетімділігі ғана емес, қауіпсіздігі мәселесі туындап отырғанда, деректер ұрланбауын және бұрмаланбауын, қауіпсіздігін қамтамасыз етуде блокчейн технологиясының әлеуеті зор.
Алайда, әлеуетті артықшылықтарға қарамастан, мемлекеттік басқаруға блокчейн технологияларын енгізуге байланысты қиындықтар да бар. Оларға деректердің құпиялылығы, қызметкерлерді оқыту қажеттілігі және әртүрлі мемлекеттік органдар арасындағы өзара әрекеттесу стандарттарын әзірлеу кіреді. Дегенмен, көптеген елдердің қызығушылығы мен тәжірибесінің артуын ескере отырып, алдағы жылдары блокчейн технологиялары мемлекеттік басқаруда маңызды рөл атқарады деп күтуге болады.
Қорытындылай келе, блокчейн технологиялары мемлекеттік процестерді жетілдірудің, азаматтардың билікке деген сенімін арттырудың және мемлекеттік басқарудың жалпы тиімділігін жақсартудың қуатты құралы бола алатындығын атап өткен жөн. Технология дамып, оны қолдану тәжірибесі жинақталғандықтан, блокчейннің әлемнің әртүрлі елдеріндегі мемлекеттік басқаруға әсер ету саласын одан әрі кеңейтуді күтуге болады.
Пайдаланылған әдебиеттер:
1. Tapscott D., Tapscott A. Blockchain Revolution: How the Technology Behind Bitcoin Is Changing Money, Business, and the World. - Portfolio Publishers. 2016. 348 p.
2. Варнавский А.В., Бурякова А.О., Демченко Е.В. Блокчейн на службе государства: монография Москва: КНОРУС. – 2020. - 123 c.
3. Wang B., Sun J., He Y., Pang D., Lu N. Large-scale Election Based On Blockchain // Procedia Computer Science. – 2018. - Iss. 129. - P. 234-237.
4. Выборы в Эстонии. [Электронная ресурс] Режим доступа: URL https://www.valimised.ee/ru Дата обращения: 08.11.2023 г.
5. Штат Западная Вирджиния внедряет блокчейн-голосование во всех округах региона. Bits.media. [Электронная ресурс] Режим доступа: URL https://bits.media/shtat-zapadnaya-virdzhiniya-vnedryat-sistemu-golosovaniya-na-blokcheyne-vo-vsekh-okrugakh-regiona/ Дата обращения: 08.11.2023 г.
6. В Южной Корее создали онлайн-систему голосования на блокчейне за $1,1 млрд. ИКС Медиа. 2022. [Электронная ресурс] Режим доступа: URL https://www.iksmedia.ru/news/5923147-V-Yuzhnoj-Koree-sozdali-onlajnsiste.html Дата обращения: 08.11.2023 г.
7. Алексеев Р. А. Технология блокчейн на выборах: прошлое, настоящее, будущее. // Журнал политических исследований. Политические институты, процессы и технологии. – 2020. - № 4 (4). – С. 25 – 38.
8. Блокчейн технологии в госуправлении. Мировой опыт. Forbes. 2017 г. [Электронная ресурс] Режим доступа: URL https://www.forbes.ru/tehnologii/343203-blokcheyn-tehnologii-v-gosupravlenii-mirovoy-opyt Дата обращения: 08.11.2023 г.
9. Талапина Э. В. Применение блокчейна в государственном управлении: возможности правового регулирования. // Вопросы государственного и муниципального управления. - 2020. - № 3. - С. 96-113.
10. Сигалов К.Е., Салин П.Б., Чувальникова А.С. Применение технологии блокчейн в сфере права, политики, государственного управления. // Вестник РУДН. Серия: Юридические науки. – 2018. - Т. 22. № 4. – С. 565–580
Скачать статью можно здесь