«Стратегия әлеуметтік және саяси зерттеулер орталығы» Қоғамдық қоры Дін істері және азаматтық қоғам министрлігінің қолдауымен Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы коммерциялық емес акционерлік қоғамының тапсырысы бойынша «Өңірлер мен ауылдар бойынша халықтың қажеттіліктері мен мұқтаждықтарын бағалауды жүргізу» атты мемлекеттік грант аясында ҮЕҰ мен жергілікті тұрғындар арасындағы байланысты анықтау мақсатында зерттеу жүргізіп отыр.
Зерттеу әдіснамасында көрсетілгендей, «Стратегия ӘСЗО» ҚҚ жалпы саны 6400 іріктемеден тұратын Қазақстанның бүкіл аумағында тұрғындар арасында жаппай сауалнама, республиканың 8 өңірінде үшінші сектор өкілдерімен шағын фокус-топтық пікір-талас және «ауыз екі» әдісі негізінде интервью, сонымен қатар өңірлердегі ҮЕҰ секторына жауапты мемлекеттік органдардың және мүдделі халықаралық ұйымдардың өкілдерімен интервью жүргізуі керек.
Сауалнама жұмыстары тамыз айына жоспарланған, мамыр-шілде айлары аралығында өңірлердегі Ішкі саясат басқармаларының ресми интернет ресурстарынан ҮЕҰ жайлы ақпараттар жинақталып, шағын фокус-топтық пікір таластар және интервью жұмыстары жүргізілді.
ҮЕҰ өкілдерімен пікір таласқа ең көбі 4 адамнан тұратын шағын фокус-топтық әдісі таңдалды. Аталмыш әдіс конструктивті негізде, өңірлердегі үшінші сектор мен халық арасындағы байланысты жақсы бейнелеп, соның негізінде жалпы республика деңгейіне шығу мақсатындағы эксперттік пікір талас ретінде таңдалды. Шағын фокус-топтық пікір таластар Астана, Алматы, Шымкент, Қостанай, Павлодар, Семей, Қарағанды, Ақтау қалаларында белгіленген. Астана және Ақтау қалаларында шағын фокус топтар шілде айына жоспарланған. Маусым айында 6 шағын фокус топтар өткізілді.
Өткізілген шағын фокус топтық пікір таластар нәтижесіне орай, бірқатар қорытындыларды шығаруға болады.
Таңдалған шағын фокус топтық әдіс нәтижелі болып, дискуссиялар барынша белсенді өтті. Қойылған сұрақтардың барлығы дерлік жауабын тауып жатты.
Пікір талас барысында байқалғандай өңірлердегі «үшінші» сектор өкілдерінің көпшілігі аталмыш зерттеуге қызығушылық танытып, барынша белсенді ат салысуға тырысқандығы байқалды.
ҮЕҰ басым бөлігі мақсатты топтары айқындалған бір профильді ұйымдардың қатарынан болды.
Шағын фокус топтық пікір таластар өткен өңірлердің барлығында дерлік «үшінші» сектор өкілдері мен мемлекеттік органдар арасындағы байланыс жоғары екендігі байқалды.
Қостанай және Семей қалаларында фокус топ өте жоғары деңгейде өтті. Бұл қалалардың ҮЕҰ ашық болып, байланыс жасау жеңілге түсті: жіберілген ресми хаттарға жылдам жауап алынып, белгіленген уақытында жиналды. Аталмыш қалаларда үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері пікір таласқа белсенді қатысып, өңірдегі «үшінші» сектордың ахуалын жақсы бейнелеп берді.
Әр түрлі себептерге байланысты кейбір үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері келмей қалып жатты. Алматы және Павлодар қалаларында фокус топқа респонденттерді жинау қиынға соқты. Алматы қаласында фокус топты ұйымдастыру барысында бірқатар қиыншылықтар туындап, 3 рет ұйымдастыруға тура келді.
Фокус топқа қатысқан ҮЕҰ жайлы ақпарат
Фокус топ өткен қалалар | Қатысқан респонденттер саны | Қатысқан ҮЕҰ бағыттары |
Қостанай | 4 | Әлеуметтік қорғау, жас кәсіпкерлерді қолдау, жастар арасында мемлекеттік тілді дамыту, медиациялық қызмет арқылы өңірдегі үшінші секторды дамыту. |
Шымкент | 3 | Ауылдардағы үшінші секторды дамыту, мүмкіндігі шектеулі балаларды қорғау, волонтерлық қозғалысты дамыту |
Қарағанды | 4 | Рухани дамыту, әлеуметтік қорғау, экология, кәсіпкерлікті қолдау |
Семей | 4 | Әлеуметтік жұмыс, өлкетану, салауатты өмір салты, жастар |
Павлодар | 3 | Әлеуметтік қорғау, мүмкіндігі шектеулі жандарды қорғау, жастар |
Алматы | 3 | Қайырымдылық қоры, мүмкіндігі шектеулі жандарды қолдау, сыбайлас жемқорлыққа қарсы |
Кейбір облыстағы Ішкі саясат басқармаларының ресми интернет ресурстарынан алынған ҮЕҰ тізімі фокус топ ұйымдастыру кезінде актуалды еместігі анықталды. «Үшінші» сектор өкілдері жайлы толық қамтылған ақпарат Қостанай және Шығыс Қазақстан облыстарындағы Ішкі саясат басқармасының сайттарында ғана кездесті.
Пікір талас барысында байқалғандай, ҮЕҰ өкілдері өздерінің профильді бағытында ғана қалып қойып, жоғарғы деңгейде, облыстағы жалпы жағдайға баға бере алмағандары байқалды.
Қарағанды және Семей қалаларында фокус топқа қатысқан ҮЕҰ ішінде мемлекеттік әлеуметтік тапсырыстарға мүлдем қатыспайтын, тек мүшелік жарна мен демеушілік көмек негізінде қызмет атқаратын (рухани даму бағытындағы) қоғамдық бірлестіктер де болды. Фокус топ дискуссиясы кезінде бұл бірлестіктер облыстағы «үшінші» сектор жайлы жалпы ақпаратпен танысып, мемлекеттік органдармен байланысқа қалай түсу керек екендігін білді.
Жалпы алғанда, шағын фокус топтық дискуссия әдісі сәтті таңдалып, барлық қалалардағы «үшінші» сектор өкілдерімен болған пікір таластар жоғарғы деңгейде өтті.
«Үшінші» секторды зерттеу бойынша қолданылған шағын фокус топтық дискуссиялар кезіндегі қиыншылықтар мен шектеулер көбіне фокус топты ұйымдастыру барысында кездесті.
Сондай-ақ өткізілген фокус топтық пікір таластар кезінде байқалғаны, көп жылдық тәжірибесі бар ұйымдар өңірдегі ҮЕҰ секторы жайлы жақсы хабардар болып, қойылған сұрақтарға эксперт ретінде пікір білдіре алды.
19 июля 2017г.