«Стратегия әлеуметтік және саяси зерттеулер орталығы» Қоғамдық қоры Дін істері және азаматтық қоғам министрлігінің қолдауымен Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы коммерциялық емес акционерлік қоғамының тапсырысы бойынша «Өңірлер мен ауылдар бойынша халықтың қажеттіліктері мен мұқтаждықтарын бағалауды жүргізу» атты мемлекеттік грант аясында ҮЕҰ (үкіметтік емес ұйымдар) мен жергілікті тұрғындар арасындағы байланысты анықтау мақсатында зерттеу жүргізіп отыр.
Зерттеу барысында Қазақстанның 14 облысы мен 2 республикалық маңызы бар қалаларда орналасқан, қазіргі таңдағы белсенді ҮЕҰ тізімі жинақталды. Тізімді жинақтау интернет желісіндегі ашық ақпарат көздерінен және облыстық/қалалық әкімдіктерден мәліметтер алу арқылы жүзеге асырылды. Алынған тізімдер арасында техникалық, құрылымдық және т.б. айырмашылықтар болғандықтан, «Стратегия» ӘСЗО» ҚҚ қызметкерлері осы ақпаратты жүйелей отырып, ҚР барлық өңірлерінде орналасқан ҮЕҰ бірегей, ортақ тізімін жасап шығарды.
Жалпы алғанда, ҮЕҰ қойылған мақсаттары мен міндеттеріне, оларға жету әдіс-тәсілдеріне байланысты бірнеше топтарға бөліп қарастыруға болады. ҮЕҰ жүйелеу барысында төмендегі белгілер бойынша, топтарға бөлініп жіктелді:
- орналасқан аймағы бойынша (ҚР 14 облысы мен 2 республикалық маңыздылығындағы қала);
- ұйымдастырушылық-құқықтық формасы бойынша (қоғамдық қор, қоғамдық бірлестік, заңды тұлғалар бірлестігі және т.б.);
- орналасқан елді мекен типі бойынша (облыс орталығы, аудан орталығы, облыстық басқарудағы қала, ауыл);
- үкіметтік емес ұйымдардың әрекет ету саласы бойынша.
Соңғы мәліметтерге сәйкес, қазіргі уақытта бұл тізім 6619 ҮЕҰ қамтиды. Алынған нәтижелерді сараптай отырып, бұл ҮЕҰ-дың 3026 облыс орталықтары мен республикалық маңызы бар қалаларда, 1655 облыстық маңызы бар қалаларда, 463 аудан орталықтарында, 917 ауылдық елді мекендерде орналасқандығы анықталды.
Диаграмма 1. – Үкіметтік емес ұйымдардың орналасқан елді-мекен типі бойынша үлесі
Бұл жерде тізімде Қазақстан Республикасының аумағында әрекет ететін барлық ҮЕҰ қамтылған деп айтуға болмайтынын ескеру қажет. Мемлекеттегі барлық үкіметтік емес ұйымдар санын анықтауға мемлекеттік тіркеуден өткен ұйымдардың міндетті ортақ базасының болмауы және ҚР заңнамаларында ҮЕҰ түсінігінің нақты анықталмағандығы кедергі келтіреді.
ҚР «Коммерциялық емес ұйымдар туралы» Заңына сәйкес, «үшінші» сектор қатарына діни бірлестіктер, адвокаттық алқалар, нотариалдық палаталар жатқызылмайды. Жалпы алғанда, әлемдік тәжірибеде үкіметтік емес ұйымы түсінігіне берілген нақты анықтама кездеспейді. Берілетін түсініктердің ортақ тұсы, ҮЕҰ – құрылтайшылар қатарына мемлекеттік орган енбейтін, пайда табуды негізгі мақсат ретінде анықтамайтын, ерікті негізде құрылған ұйымдар. Алайда, осы зерттеу жұмысының мақсаттық тобы қатарына енбейтін болғандықтан, аталған тізім жоғарыда көрсетілген ұйымдарды, осыған қоса, ұлттық-мәдени орталықтарды қамтымайды.
Екіншіден, тізімде көрсетілген ҮЕҰ бір бөлігі тек ресми түрде ғана қызмет етіп, шын мәнісінде азаматтық қоғам элементі ретінде әрекетсіздік танытады. Бұл шынайы әрекет ететін ҮЕҰ нақты санын анықтауға кедергі жасап, алынған мәліметтердің бұрмалануына әкеліп соғады.
Үшіншіден, тізімде көрсетілген ҮЕҰ көбінесе өз белсенділіктерін қысқа мерзім ішінде жүзеге асырып, кейіннен жабылып қалып жатады. Және өз әрекетін аяқтау заңды түрде сирек тіркеледі. Бұл да өз кезегінде, тізімге енген ҮЕҰ бір бөлігін жарамсыз етеді.
19 июля 2017г.