Тәуелсіздік жылдарындағы болған өзгерістер қазақстан қоғамын түбегейлі өзгертуде. Бірінші байқалатын өзгерістердің қатарында өңірлер арасындағы диспропорция.
Орталықтандырылған экономиканың нарықтық еркін бағытқа өтуімен бірқатар аудандардың өзге өңірлерге қарағанда бәсекеге қабілетті емес екендігі байқалады. Нәтижесінде, өңірлер арасында «орталық» пен «перифериялық» айырмашылықтар орын алуда.
Сондықтан аталмыш мәселенің экономикалық тұрғыда қандай аспектілерде айырмашылық бар екендігіне анализ жасау актуалды болып отыр. Аймақтарға қатысты мемлекеттік деңгейдегі жүргізіліп отырған саясаттың қаншалықты тиімді жүзеге асып жатқандығы осы тұста байқалатын болады.
Өңірлердегі экономикалық үйлеспеушілікті анықтау, салыстыру әдісімен жүргізілді. Салыстыру барысында ең маңызды деген 3 көрсеткіш алынды. Экономикада қарқынды даму кешенін айқын көрсететін жұмыс күші санындағы жұмыспен қамтылу деңгейі. Жұмысқа жарамды азаматтар арасындағы жұмыссыздық деңгейі де маңызды аспект ретінде қарастырылды. Ал халықтың атаулы ақшалай табыстары, яғни бір айда жан басына шаққандағы орташа табысы (теңгемен) өңірлер арасындағы айырмашылықты анықтауда ең басты көрсеткіш.
Бұл көрсеткіштерге Статистика комитетінде келесідей негізде анықтамалар берілген [1]. Жұмыссыздық деңгейі – жұмыс күші санындағы жұмыссыздар санының пайызбен есептелген үлесі. Ал жұмыс күші – тауарлар мен қызметтер өндіру үшін жұмыс күшінің ұсыныстарын қамтамасыз ететін, халықтың экономикалық белсенділігін өлшеу үшін белгіленген жастағы халықтың бөлігі. Жұмыс күшінің санына экономикалық қызметтің барлық түрлерінде жұмыспен қамтылғандар және жұмыссыздар кіреді. Ал халықтың атаулы ақшалай табыстары (бағалау) – бұл халықтың ағымдағы тұтынуға, өндірістік қызметке және қор жинауға бағытталатын ақшалай қаражаты.
Көрсеткіштерді салыстыру 3 жыл ішіндегі (2015, 2016, 2017) «Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігі Статистика комитеті» ұсынған ресми жылдық ақпараттарға сүйене отырып жасалынды. 2018 жылғы статистикалық мәліметтер дайын болмауына байланысты есепке алынбады.
Осы тәсіл бойынша зерттеу барысында, жоғарыда көрсетілгендей, ресми статистикалық мәліметтерді пайдаланып, 14 облыс және 2 мемлекеттік маңызы бар қалалардағы 3 түрлі көрсеткіштерді қолданылып салыстырылды. Диаграммаларда 3 жылдық статистикалық мәліметтер өсу ретімен орналастырылған. Сонымен қатар салыстыру жұмысын жеңілдету үшін Қазақстан бойынша орташа көрсеткіш ерекшеленіп белгіленген.
1-сурет. Жұмыс күшінің санына жұмыспен қамтылу деңгейі, пайызбен
Ескерту: http://stat.gov.kz дереккөзі негізінде автор құрастырған
2-сурет . Жұмыссыздық деңгейі, пайызбен
Ескерту: http://stat.gov.kz дереккөзі негізінде автор құрастырған
3-сурет . Халықтың атаулы ақшалай табыстары Айына орташа жан басына шаққанда, теңге
Ескерту: http://stat.gov.kz дереккөзі негізінде автор құрастырған
Аймақтар арасындағы басты диспропорция, бірінші кезекте халық табыс көзінен байқалады. Ең төменгі көрсеткіш көрсетіп отырған Оңтүстік Қазақстан (45 800тг) мен ең жоғарғы көрсеткіштегі Атырау облысының (159 154тг) арасындағы айырмашылығы 4 есеге жуық. Ал Қазақстандағы орташа көрсеткіш – 87 939тг (3-сурет). Осыған орай, Қазақстан аймақтарының дифференциациясы халықтық табыс-көзі бойынша елеулі екендігін байқауға болады.
Қалған екі маңызды әрі бір-бірімен тығыз байланысты индикаторлар орташа есеппен Республика бойынша біркелкі таралған. Аталмыш көрсеткіштер бойынша 3 жыл ішінде айтарлықтай өзгеріс байқалмайды. Дегенмен, жұмыспен қамтылғандар саны халық саны көп шоғырланған аймақтарда азайғандығына қарамастан, жұмыссыздық деңгейі жоғарылаудың орнына төмен көрсеткішті көрсетіп тұр. Бұл дегеніміз белгілі бір деңгейде экономиканың стагнациялануын және жұмыссыздықты тіркеу, оны есепке алу процесі қиындағанын байқатады. Мысалы, Павлодар облысы, БҚО, ОҚО және Алматы қаласының жұмыспен қамтылу деңгейі 3 жыл бойына өзгеріссіз, тұрақты (1-сурет). Соған қарамастан жұмыссыздық деңгейі халық саны көп шоғырланған өңірлерде, яғни Алматы қаласы мен ОҚО-да сәйкесінше 5,3% және 5,2% (3-сурет). Ал Павлодар облысы мен БҚО-да жұмыссыздық деңгейі тағы да тұрақтылықты көрсетіп отыр. Қазақстан Республикасы бойынша орташа көрсеткіш – 4,9%. Ең төменгі деңгейлі көрсеткіш – Астана қаласы мен Алматы облысы 4,6% және 4,7% (3-сурет).
Жұмыс күшінің санына жұмыспен қамтылу деңгейі бойынша айтарлықтай төмен көрсеткішті жалпы халық саны жоғары аймақтар – ОҚО мен Алматы қаласында 94,8% 94,7% сәйкесінше (1-сурет). Жоғарыда айтылғандай осы 2 аймақ Республика бойынша жұмыссыздықтың ең жоғары деңгейін көрсетіп тұрған аймақтар болып табылады. Сонымен қатар бұл екі аймақтың аталған 2 индикатор бойынша нәтижелері жуық болғанымен 3-ші индикатор бойынша ОҚО соңғы орында 45 800тг-мен, ал Алматы қаласы 3-ші орында 136 943тг-мен орналасқан. Бұл аймақтар арасындағы жұмыспен қамтылу тенденциясы біркелкі таралғанымен, халықтың атаулы ақшалай табысы жағынан теңсіздік пен айырмашылығы айтарлықтай байқалады.
Сілтемелер:
Автор: Н. Мейрамбек - әл-Фараби атындағы ҚҰУ саясаттану және саяси технологиялар кафедрасының 2-курс студенті