«Стратегия «ӘСЗО»» Қоғамдық Қоры
«Стратегия «ӘСЗО»» қоғамдық қоры 2018 жылдың қараша айында «Еуразиялық Монитор» жобасының аясында әлеуметтік сауалнама жүргізді[1].
Зерттеу қорытындысы көрсеткендей, көптеген жылдар бойы халықтың аймақ басшыларына беретін бағасы өзгеріссіз қалуда. Соңғы жүргізілген сауалнама нәтижесі бойынша облыс/қала әкімдерінің жұмыстарын қолдау деңгейі 46%-ды құрайды. Бұл көрсеткіш 2004 жылғы сауалнама қорытындысы бойынша 49% болса, 2014 жылы 47%-ға тең болған. Яғни, соңғы 15 жыл ішінде орташа есеппен алғанда аймақ басшыларының іс-әрекеттері тұрғындардың жартысынан ғана қолдау табуда және облыс әкімдерінің халық алдындағы беделінің өсуі байқалар емес.
Облыстық және республикалық маңызы бар қалалық әкімдердің қызметін бағалау деңгейіне салыстырмалы талдау жасау мақсатында әкімдердің қызметін бағалау Индексі енгізілді [2]. Индекс бірнеше айнымалылардан алынған мәліметті бір көрсеткішке біріктіруге мүмкіндік береді. Осыған қоса, алынған Индекс бақылаудағы көрсеткіштің шкаладағы мәнін көрсетіп, салыстырмалы талдау жасауға мүмкіндік береді.
Диаграмма 1. – Облыс/қала әкімдерінің қызметін бағалау Индексі
Алынған нәтижелерге сай, сауалнама қатысушыларының аймақ басшыларына берген бағалары аса қатты ерекшеленеді (ең төмен индекс -0,74, ең жоғары +0,60). Зерттеудің қорытындысы бойынша Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбектің еңбегі ең жоғары деңгейде бағаланды. Рейтингтің алғашқы үштігіне оңтүстік астананың басшысынан бөлек, еліміздің аймақтық құрылымында жақында пайда болған жаңа қала – Шымкент қаласының және Павлодар облысының әкімдері кіріп отыр.
Жоғарыда аталған аймақ басшыларынан бөлек 7 облыс әкімі мемлекет бойынша орташа бағадан жоғары бағаланды. Олардың ішінен Индекс мәні 0,4-тен асқан Атырау, СҚО, Қостанай, Ақмола және Қарағанды облыстарының әкімдерін атап өтуге болады. Шығыс Қазақстан облысы мен атауын ауыстырып, қайта құрылған Түркістан облысының басшылары орта деңгейде бағаланып отыр.
Әкімдік қызметі ортадан төмен бағаланған әкімдердің қатарына Ақтөбе, Алматы, Қызылорда, Маңғыстау және Батыс Қазақстан облыстары мен Астана қаласының жақында сайланған әкімдері жайғасты. Барлық аймақ ішінен ең төмен бағаланған және теріс мәндегі Индекске ие болған жалғыз әкім ретінде Жамбыл облысының басшысы танылды.
Сауалнама барысында әр облыс тұрғындарын аса қатты толғандыратын мәселелердің тізімі жасалды [3]. Зерттеу нәтижесі елімізде барлық аймақ тұрғындарын бірдей деңгейде мазалайтын мәселелер де, жеке бір аймақтарға тән ерекше сұрақтар да кездесетінін көрсетті. Аса өзекті мәселелер рейтингін бағалардың өсуі мен инфляция бастап отыр. Қымбатшылық 17 аймақтың 13-інде ең өзекті қиыншылыққа айналған. Бағаның өсуі мен инфляцияның ізінен жұмыссыздық мәселесі халықты аса қатты толғандырады. Жұмыстың жоқтығы 16 облыстағы аса өзекті 5 мәселенің қатарын толықтырып отыр, оның ішінде, 4 облыста алғашқы орында орналасқан. Еліміздегі экономикалық ахуал да біздің мемлекет үшін маңызды мәселелердің үштігіне кіреді.
Осыған қоса, қазақстандықтарды денсаулық сақтау және білім беру жүйесі сынды әлеуметтік маңызы зор салалардағы қиыншылықтар да жоғары деңгейде мазалайтыны байқалады. Жалпы мемлекеттік деңгейде өзекті болып табылатын мәселелер қатарына нашар мемлекеттік басқару мен коррупцияны, зейнетақының төмен мөлшерін жатқызуға болады.
Кесте 1. – Қазіргі уақытта біздің мемлекетіміз үшін маңызды мәселелер (өңірлер бойынша)
№ | Аймақтар |
Мәселелер
|
1 | Ақмола | Бағалардың өсуі, инфляция (42%); Жұмыссыздық (19%); Нашар мемлекеттік басқару, коррупция (19%); Төмен зейнетақы(18%); Тұрғын үй мәселесі (15%). |
2 | Ақтөбе | Бағалардың өсуі, инфляция (65%); Экономикалық ахуал (26%); Денсаулық сақтау жүйесінің нашар жағдайы (19%); Нашар мемлекеттік басқару, коррупция (17%); Білім беру жүйесінің нашар жағдайы (13%) |
3 | Алматы | Бағалардың өсуі, инфляция (40%); Жұмыссыздық (31%); Экономикалық ахуал (15%); Қылмыс (14%); Терроризм (9%) |
4 | Атырау | Жұмыссыздық (48%); Білім беру жүйесінің нашар жағдайы (19%); Жоғары салықтар (16%); Қылмыс (15%); Төмен зейнетақы (15%) |
5 | Шығыс Қазақстан | Бағалардың өсуі, инфляция (39%); Жұмыссыздық (21%); Экономикалық ахуал (20%); Нашар мемлекеттік басқару, коррупция (16%); Денсаулық сақтау жүйесінің нашар жағдайы (15%) |
6 | Жамбыл | Жұмыссыздық (62%); Бағалардың өсуі, инфляция (49%); Нашар мемлекеттік басқару, коррупция (25%); Төмен зейнетақы (13%); Экономикалық ахуал (12%) |
7 | Батыс Қазақстан | Бағалардың өсуі, инфляция (31%); Жұмыссыздық (26%); Жоғары салықтар(15%); Төмен зейнетақы (5%); Білім беру жүйесінің нашар жағдайы (5%) |
8 | Қарағанды | Бағалардың өсуі, инфляция (54%); Тұрғын үй мәселесі (32%); Денсаулық сақтау жүйесінің нашар жағдайы (14%); Жұмыссыздық (12%); Нашар мемлекеттік басқару, коррупция (9%) |
9 | Қостанай | Бағалардың өсуі, инфляция (57%); Экономикалық ахуал (19%); Қылмыс (18%); Жұмыссыздық (17%); Нашар мемлекеттік басқару, коррупция (15%) |
10 | Қызылорда | Жұмыссыздық (53%); Бағалардың өсуі, инфляция (46%); Қылмыс (39%); Денсаулық сақтау жүйесінің нашар жағдайы (16%); Экономикалық ахуал (15%) |
11 | Маңғыстау | Жұмыссыздық (49%); Тұрғын үй мәселесі (38%); Бағалардың өсуі, инфляция (27%); Білім беру жүйесінің нашар жағдайы (16%); Денсаулық сақтау жүйесінің нашар жағдайы (15%) |
12 | Павлодар | Бағалардың өсуі, инфляция (25%); Жұмыссыздық (16%); Тұрғын үй мәселесі (14%); Экономикалық ахуал (14%); Денсаулық сақтау жүйесінің нашар жағдайы (12%) |
13 | Солтүстік Қазақстан | Бағалардың өсуі, инфляция (57%); Жұмыссыздық (31%); Экономикалық ахуал (16%); Төмен зейнетақы (14%); Тұрғын үй мәселесі (10%) |
14 | Түркістан | Бағалардың өсуі, инфляция (45%); Жұмыссыздық (35%); Денсаулық сақтау жүйесінің нашар жағдайы(22%); Қоғамдық көлік мәселелері (17%); Төмен зейнетақы(13%) |
15 | Астана қ. | Бағалардың өсуі, инфляция (32%); Экономикалық ахуал (26%); Тұрғын үй мәселесі (19%); Нашар мемлекеттік басқару, коррупция (16%); Жұмыссыздық (12%) |
16 | Алматы қ. | Бағалардың өсуі, инфляция (48%); Жұмыссыздық (42%); Тұрғын үй мәселесі (24%); Қылмыс (19%); Экономикалық ахуал (13%) |
17 | Шымкент қ. | Бағалардың өсуі, инфляция (61%); Денсаулық сақтау жүйесінің нашар жағдайы(38%); Жұмыссыздық (31%); Төмен зейнетақы(16%); Білім беру жүйесінің нашар жағдайы (16%) |
Әр облыстардың тұрғындары үшін біздің мемлекеттегі маңызды мәселелердің басым бөлігі ұқсас болғанымен, кей облыстардың өзіндік ерекшеліктері де байқалады. Мысалы, Астана, Алматы қалаларында және Ақмола, Қарағанды облыстарында тұрғын үй мәселесі өзекті болса, Алматы қаласының, Алматы және Атырау облыстарының тұрғындары қылмыс санының өсуіне көбірек назар аударады. Осыған қоса, зерттеу нәтижесін талдау барысында жеке облыстарға тән мәселелер де анықталды. Олардың қатарына, Түркістан облысындағы қоғамдық көлік мәселесін және Алматы қаласындағы терроризмнен қорқуды жатқызуға болады.
Бірқатар облыстарда тұрғындардың белгілі бір бөлігі (1%-дан 78%-ға дейін) аймақ басшыларының қызметін бағалау кезінде жауап беруге қиналатындарын білдірді. Көп жағдайда жауап беруге қиналған респонденттердің үлесі жоғары болуы кейбір әкімдердің Индексінің төмен болуына ықпал етті деп айтуға болады. Осыған қоса, аймақ тұрғындары өздерін мазалайтын мәселелерді облыс басшыларының атқарған жұмысымен байланыстыра бермейтіні де байқалады. Бұл жағдай бір жағынан әкімдік корпус үшін ыңғайлы болғанымен, жергілікті билік өкілдері өздеріне сеніп тапсырылған аймақтардағы жағдайды толық түсінбей, қажет жағдайда өз облысының тұрғындарының көңіл-күйіне ықпал ететін құралдарға ие еместігін де көрсетеді.
[1] Сауалнама «Еуразиялық монитор» жобасының аясында 2018 ж. қараша айында жүргізілді, таңдау – жалпыхалықтық, , №=1600, қала және ауыл тұрғындары сауалнамаға қатысты.
[2] Индексті есептеу барысында топтарды теңестіру мақсатындағы индексті есептеу әдісі қолданылды. Әрбір әкімнің жұмысын бағалау индексі төмендегі формула бойынша есептелді:
Iс = (n+-n-)/(n++ n-+n0),
бұл жерде: n+ - әкім жұмысын «жақсы» деп бағалаушылар саны;
n- - әкім жұмысын «нашар» деп бағалаушылар саны;
n0 – жауап беруге қиналушылар саны.
Есептеу нәтижесі бойынша индекстер +1-ден -1-ге дейінгі мәнге ие бола алады, бұл жерде +1 – толық қолдау, -1 – мүлдем қолдамау.
[3] Таңдауға берілген мәселелер тізіміне қылмыс деңгейі; экономикалық ахуал; бағаның өсуі, инфляция; жоғары салық; жұмыссыздық; терроризм; сыртқы саясат және қорғаныс; мигранттардың көп келуі; тұрғын үй мәселесі; қоғамдық көлік мәселесі; денсаулық сақтау жүйесінің нашар жағдайы; білім беру жүйесінің нашар жағдайы; төмен зейнетақы; қоршаған орта жағдайы; нашар мемлекеттік басқару, коррупция сынды мәселелер кіреді.